Облыс әкімі Серік Шәпкенов ХІХ жазғы Азия ойындарының жүлдегерлері, атыраулық қос дзюдошы Абиба Абужақынова мен Эсмигүл Куюлованы қабылдады. Өңір басшысы 26 шілдеде Париж төрінде өтетін жазғы олимпиада ойындарына жолдама алған спортшыларға сәттілік тіледі, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
— Алда үлкен дода тұр. Өткен Азия ойындарынан жүлдемен оралған кездесуімізде Париж олимпиадасына қатысу мәселесі сөз болып, алаңсыз дайындалу үшін барлық жағдай жасауға уәде бердік, сөзімізде тұрдық. Енді сіздер облыстың ғана емес, Қазақстанның намысын қорғайсыздар. Бүгінгі кездесу ел ағаларының батасын, халқының алғысын алсын деген ниетпен ұйымдастырылып отыр. Қызыл кілемде сәттілік серік болып, бақтарыңыз озсын. Жаһанның менмін деген мықтыларымен сынасу — ерліктің ісі. Чемпион болуды кім қаламайды?! Сондықтан алдымен өзіңіз үшін, кейін сізге сенген халқыңыз үшін аянбай тер төгіп, еліміздің атын асқақтатыңыздар. Біз сіздерге сенеміз, қолдау ешқашан үзілмейді! — деді С.Шәпкенов.