Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыҚоғам

Атырау әкімдігі аула абаттандырам деп 800 млн теңгені ысырап еткен — Антикор

Атырау қаласының әкімдігі «100 ауланы абаттандыру» жобасын іске асырып жатыр. Алайда, аталған жоба аясында атқарылған жұмыстан 800 млн теңгенің кемшілігі анықталып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің мәліметінше, мұнайлы шаһардың «Алмагүл» шағынауданындағы аулаларды абаттандыру жұмысы тексерілген.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер „Әділдік жолы“ РҚБ Атырау филиалының өкілдерімен бірлесіп өткен жылғы күзден бері қалалық аула алаңдарын абаттандыру жобасын бақылауға алды. Ай сайын жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасына мониторинг өткізіліп келеді. Биыл „Алмагүл“ шағын ауданында „100 ауланы абаттандыру“ жобасына мониторинг жүргізіліп, 800 млн теңгеден астам қаржының бұзушылығы анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Мәселен, былтырғы шілдеде төсеніш төсеу, тамызда аула аумақтарының, тротуарлар мен алаңдардың асфальтбетон жабындары, балалар және спорт, футбол алаңдарының орамды және жасанды жабыны, қарашада балалар мен спорт алаңдарын орнату, ролик төсеу, белгі орнату үшін ақы төленді.

Мониторинг нәтижесіне сәйкес 60 миллион теңгенің жұмысы орындалмаса да, актілерге заңсыз қол қойылғаны анықталды. Мердігер ойын алаңын, спорт аймағын орнатып, асфальтты ауыстырған. Алайда, 1 және 3-үйдің тұсына бордюр қоймаған. Осыған ұқсас жағдай 7, 8, 9, 14, 15, 16-үйлердің ауласында бар. Тапсырыс беруші жобалық-сметалық құжат әзірлеу кезінде мәрмәр орындықтар, қоқыс жәшігі мен мен жиектастың бір жиынтығын 470 мың теңгеге бағалаған. Алайда, прокуратура бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында осы қоқыс жәшіктері мен орындықтарды өңделген ағаштан жасалған әрі суға төзімді түріне ауыстыру туралы ұсыныс берген.

Қадағалау орғаны ұсынған орындықтар мен қоқыс жәшіктерінің бағасы — шамамен 40-50 мың теңге. Бұл — ЖСҚ-да көрсетілген бағадан 10 есе арзан. Бірақ, әкімдік аталған қаржыны үнемдеудің орнына 107 темір орындық сатып алған. Бұл орындықтарды Б. Аманшин көшесіндегі 72 және 74-үйдің ауласындағы алаңға орнатқан. Аталған мекенжайлардағы ойын алаңында орындықсыз карусель мен әткеншектер, құмы жоқ құмсалғыш тұр. Саңырауқұлақ түріндегі шатыр, шаңғы тренажері, қоқыс жәшіктері жоқ.

«Абаттандыру бойынша орындалмаған жұмыс үшін негізсіз ақы төлеуге бөлім басшысының заңды білмеуі мен функционалдық міндеттеріне жосықсыз қарауы ықпал етті. Тапсырыс беруші жоба аясындағы жұмыстарды кемшілікті түзеттермей қабылдап, пайдалануға берсе, қылмыстық жауапқа тартылады. Ал мердігер тапсырыс беруші алдындағы міндеттемелерін орындамаса, мемлекеттік сатып алу конкурсының жосықсыз қатысушысы болып танылады. Құрылыс-монтаждау жұмысын орындамағаны үшін құрылыс-монтаждау жұмысына берілген лицензиясынан айырылып, әкімшілік жауапқа тартылады», -деп нақтылады департаменттің баспасөз қызметі.

Back to top button