Қазіргі уақытта 1931 тұрғынның жеке шотына ақша аударылды. Оның ішінде 996 адам тұрғын үй сатып алу үшін, 935 адам үйіне жөндеу жүргізу үшін қаражат алды.
Өтемақы алғандардың бірі — Құлсары қаласы Атырау ықшамауданының тұрғыны Ескендір Ізмағанбетов.
— Біз Атырау шағынауданында бір жыл тұрдық. Тасқын кезінде үйіміз су астында қалды. Баспанамыз жаңадан салынғандықтан, сынақты көтеру оңай болмады. Әкімдік үйімді жөндеуге жұмсалатын шығынды өтеу үшін ақшалай өтемақы бөлді. Ұсынылған сомаға көңіл толғандықтан келісім-шарт жасастық. Үш күннен кейін өтемақы шотыма түсті. Үйді жөндеуге кірісіп кеттік, — деді Е.Ізмағанбетов.
Құлсарыда тасқын судан зардап шеккендерге арналған 100 үйдің құрылысы жалғасып жатыр. 5 бөлмелі әр үйдің ауданы — 100 шаршы метр. Мұнда ас үй, екі жатын бөлме, қонақ бөлме және жуынатын бөлме бар. Үйлерді жергілікті құрылыс компаниялары салып жатыр.