Бұл іс Атырау қаласының №2 сотында қаралды. Күдіктіге қомақты мөлшерде пара беруге итермелеу (ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігі), алдау және сенімге қиянат жасау арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлауға оқталғаны үшін (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары) айып тағылған.
«Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы еңбекті қорғау және қауіпсіздік бөлімінің басшысы ЖШС директорын (оған қатысты қылмыстық іс тіркелген) лауазымды тұлғаға пара беруге көндірген. Оны алдап, апатты жағдайды арнайы тексеру комиссиясының актісін ақылы негізде өзгертуге болатынын айтқан. Сотталушы аталған мәселені оң шешкені үшін ЖШС директорынан 6 млн теңге алған», — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, жеке тінту хаттамасымен, сот бейне-фонографиялық және сот-психологиялық-филологиялық сараптамаларының қорытындысымен дәлелденген.
«Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына және 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.