Биыл 3,8 млн оқушы кезекті оқу жылын аяқтайды. Жыл қорытындысы туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында баяндады.
Оның айтуынша, бастауыш сыныпты 374 мың, негізгі мектепті – 341 мың бала тәмамдайды және 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады.
7 704 жас түлек «Алтын белгіге» үміткер.
«Мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара 25 мамырда өтеді. Аттестаттарды табыстау рәсімі 12-15 маусым аралығына белгіленді. 9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр-11 маусым күндері өтеді», — деді Ғ. Бейсембаев.
Сондай-ақ, биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда қазақ тілін меңгеруді бағалау мақсатында қазақ тілінде және басқа тілде оқытатын мектептердің білім алушылары үшін аралық емтихандар өткізіледі.