Жылыой ауданында тасқыннан кейінгі судан құрғату жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.
— Судан құрғату жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі бойынша жеке құрамның 159 маманы және арнайы техниканың 27 бірлігі, сондай-ақ «Жылыой Тазалық» ЖШС-не қарасты 18 вакуум жұмылдырылды. Бүгінгі таңда барлығы 5,2 млн. текше метрден астам тасқын су шығарылды. Нәтижесінде 2 906 тұрғын үй судан құрғатылды. Салынып жатқан 14 тұрғын үй мен 7 бизнес нысан әлі күнге дейін су астында қалып отыр, — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
Айта кетейік, қала аумағынан су айдау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Су басқан объектілердің нақты саны ТЖ жою және су тасқыны кезінде зардап шеккендердің мүлкін бағалау нәтижелері бойынша анықталатын болады.