Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккендердің мүлкін бағалау жұмыстары жалғасуда. 3 мамыр күнгі мәлімет бойынша, тұрғындардан 2733 өтініш түсті.
Жылыойда тасқыннан зардап шеккен техникалық тексеру және бағалау жұмыстарымен айналысуға 40-тан астам техникалық маман тартылған. Олар бағалау жұмыстарын демалыссыз жүргізуде. 26 сәуірден бастап бүгінге дейін 867 нысан техникалық тексеруден өтті, бұл жұмыстар 15 мамырға дейін аяқталады.
Құлсары қаласында қалпына келтіру жұмыстары басталғалы бері 3,5 миллион текше метр су шығарылып, жұмысқа 2700-ге жуық адам мен 125 бірлік су соратын техника жұмылдырылды. 3 мамырдағы жағдай бойынша, 2704 нысан судан толығымен құрғатылып, бұл жұмысқа 2800 адам жұмылдырылды.
Сонымен қатар Жылыой ауданында тасқын кезінде суға кеткен ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу бойынша өтінімдерді тіркеу жұмысы жүргізілуде. Күні бүгінге дейін 87 өтініш қабылданды.
Су тасқыны салдарынан мүлкі бүлінген кәсіпкерлерге келтірілген шығынды өтеу бойынша кеңес беру орталығы жұмыс істейді; барлығы 103 кәсіпкерге кеңес берілді.
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін тәулік бойы байланыс орталығы жұмыс істеуде: 87025963810, 87015533290, 87015116717.
Бүгінгі таңда Құлсары қаласының 3600 тұрғынына 100 АЕК көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілді.