3 үрмелі қайық, 5 құтқару жилеті, 5 резеңке комбинезон мен бас киімге тағылатын 5 шамы бар гуманитарлық көмек келді.
ҚР штаттан тыс бас онкологы, ҚазОРҒЗИ АҚ басқармасының төрағасы Диляра Радикқызы Қайдарова Атырау облысындағы төтенше жағдайға байланысты алаңдаушылығын білдіріп, бұл құрал-жабдықтың қажеттілігін жеткізді.
Диспансер директоры Эльмира Карифуллақызы Сапарова: «Ғимарат Жайық өзенінің іргесінде тұр. «Сақтықта қорлық жоқ» деген бар. Атырау облысына су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге аса қажет құтқару құралдары мен гуманитарлық көмекті жеткізіп, әрдайым байланыста отырған әріптестерімізге дән ризамыз. Қазір бірлесіп, қаламызды тасқын судан сақтауға әрқайсымыз белсене кірістік. Осы сәтте аталған керек-жарақтың қажеттілігі сөзсіз. Атырау облыстық онкология диспансерінің ұжымы атынан гуманитарлық көмекті жинақтауға атсалысқан барлық әріптеске шексіз құрметімізді білдіреміз», — дейді.
Облыс бойынша онкологиялық ауруларды емдеу, хирургиялық және химиотерапиялық, радиологиялық қызмет көрсететін Атырау облыстық онкология диспансерінде 110 стационар, 30 күндізгі бөлім жұмыс істейді.