ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі — Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова жұмыс сапарымен Атырау облысына келді.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі — Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері өңірге сапарында бір ауысымда 250 пациентті қабылдай алатын Жылыой аудандық емханаға, 75 орындық модульді аурухана мен 150 орындық аудандық ауруханаға, Құлсары қаласында орналасқан эвакуациялық пунктке барды. Ол медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықтарымен, эпидемиологиялық ахуалымен танысып, дәрігерлермен және пациенттермен әңгімелесті.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев өңірдегі ахуалмен таныстырды.
— Құлсары қаласы, Қосшағыл елді-мекені, Жаңа Қаратон поселкасында эвакуацияланған тұрғындарға тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Ал шұғыл ота қажет ететін пациенттер мен жүкті әйелдерді босануға Бейнеу аудандық ауруханасына жолдануда. Ауданда жалпы облыс бойынша су басуға ұшыраған денсаулық сақтау нысандары жоқ, деді Қайсар Абдалиев
Эвакауациялық пунктпен медициналық мекемелерде болған Айжан Есмағамбетова ластанған судан пайда болатын инфекциялық аурулардың алдын алу үшін бірқатар ұсыныстар тастады.
— Ауданды судан тазалау жұмыстарына техника санын көбейту қажет. Себебі ауа ауа температурасы жоғарылаған сайын инфекциялық түрлі аурулар пайда болуы мүмкін. Тұрғындарға түсінік жұмыстары жүргізіліп, инфекциялық ауруларға қарсы алынуы тиіс вакцинациялау жұмыстары жүргізілуі керек, деді А.Есмағамбетова.
Бүгінгі таңда барлық медициналық ұйымдарда су басқан елді мекендерде медициналық алғашқы көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспары, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі жоспары әзірленді.