Махамбет ауданы тұсындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі тәулік сайын көтерілуде. Соған сәйкес елді мекендерді өр суынан қорғау мақсатында өзен жағасында бөгеттер биіктетіліп, дамбылар соғылуда.
Аудан әкімі, штаб төрағасы Қайрат Нұрлыбаев су тасқынына қарсы құрылған жедел штабтың мәжілісін өткізіп, қазіргі жағдайды қатаң бақылауда ұстау керектігін тапсырды.
Сонымен қатар бүгінде облыстан қосымша техникалар сұратылуда. Әр ауылдық округтен сағат сайын ақпарат алынып, ауыл тұрғындары, еріктілер мен белсенділер бөгет соғып, қапшыққа құм толтырып жатыр.
Олар аудан орталығы – Махамбет ауылының жан-жағын қоршап, дамбы соғу жұмыстарын түнгі мезгілде де тоқтатқан жоқ. Сын сағатта жұмыла білген тұрғындар топ-топқа бөлініп, жұмысты еселеп арттырды. Тасқынға тосқауыл қоюда дәл осылай жұдырықтай жұмылу басқа да өңірлерге үлгі болса игі.