Атырауға жағалау бөгеттерін нығайту мақсатында Алматыдан полипропиленнен жасалған 500 мың қап жеткізілді.
“Атырау облысының әкімдігі облысымызға 500 мың дана қап тапсырыс берген болатын. 8 сәуір күні қап қаламызға жетті. Қала бойынша 22 координатор 5 учаскеге бөлініп, әрқайсысына 5000 данадан қап таратып жатыр және осы уақытқа дейін облыс белсенділері де көп мөлшерде қап жеткізген болатын”, дейді ерікті, қоғамдық кеңіс өкілі Дәурен Сейтқалиев.
Бұдан бөлек қазіргі уақытта Алматы және Астана қаласында Атырау облысына арналған гуманитарлық көмек қабылдайтын қойма жұмыс жасап жатыр. Ол жерде қаптардан бөлек, резеңке етік, қайық, фонарик, азық – түліктер жинақталып жатыр.
Сондай-ақ, еріктілер Атырау қаласы Әбілхайырхан 79 мекен-жайынан су тасыған аймақтарға көмек көрсетуде.
«Жылыой ауданындағы төтенше жағдайға байланысты 3 күннен бері күні-түні гуманитарлық көмек жинақтап жатырмыз. Бұл жерге әр қордан керекті жабдықтар, азық-түлік жеткізілуде. Кеше Жылыой ауданына 24 тонна гуманитарлық көмек 2 вагонға тиеліп, жіберілді» дейді ерікті Гүлназ Рүстемқызы.