Су тасқынының алдын алуда Алмалы ауылындағы жағалауда бөгеттер салып жатқан студенттерге Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов арнайы барып, батасын берді.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары, студенттерімен бірге белгілі тұлға қапшыққа топырақ толтырып, бөгет салу жұмысына үлес қосты.
— Өңірімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Жайықтың жағасын бекітуге бар күш-қуатымызды жұмсап, үлесімізді қосып жатырмыз. Осындай жағдайда қасиетті Ақ Жайығымыздың жағасында қайғы-қасірет болмасын деп тілеймін. Студенттер, оқытушы-ұстаздар барлығы осы игілікті іске атсалысуда. Қазір тасқын бір ғана Атырау облысында емес, бірнеше облыста да жұртшылықты дүрбелеңге салуда. Бүгін жастарға «ел басына күн туғанда» ел-жұрт қандай болуы керектігін айтып, үлгі етіп келдім. Барлығы сәтті болса екен, — деп ізгі тілегін арнады Илья Жақанов.
«Ел басына күн туған шақта ең алдымен ниет түзу, таза болуы керек. Екіншіден, ниетті құдіретті күш біріктіруі тиіс. Үшіншіден – мықты тәртіп қажет. Осы айтылғандардың барлығын қазіргі атыраулық жастар жасап жатыр.Тәртіп күшті болса, бірлік, тұтастық болады. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы адами қасиеттерге ерекше мән беріп, елге қиын-қыстау кезеңде шыдам, төзім, елдің ұйымшылыдғы мығым болған кезде ғана бәрін жеңетінімізді айтуда. Бірлесіп жасап жатқан жұмысымыз абыройлы болсын», — деді Илья Жақанов.
Айта кетейік, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары, профессор құрамы мен студенттері үш күнде 20 мыңнан астам қапшыққа топырақ толтырып, үш ауысымда жұмыс жасауда. Университет басшылығының айтуынша, Атырау өңіріндегі төтенше жағдайға байланысты бірқатар жоғары оқу орындары гуманитарлық көмек көрсетуде. Соның бірі – Түркістан қаласындағы А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті. Аталған оқу орны Атырау өңіріне 7,5 миллион тг көлеміндегі қаражатқа жағаны бекітуге арналған полэтилен жабындыларын, қапшықтар, күректер, шамдар, палаткалар, резеңке етіктер мен қолғаптар жөнелтті.