Жылыой ауданына гуманитарлық көмек жинау үшін Атырау қаласындағы Әбілхайыр хан, 79 мекен-жайындағы көрме орталығы тәулік бойы үзіліссіз қызмет етуде.
«Қазіргі сәтте 100-ге жуық ерікті екі ауысым бойынша қызмет атқарып жатыр. Кешегі күннің өзінде 7 тонна гуманитарлық көмек жиналса, бүгін Алматы қаласынан “Asar Ume” қоғамдық қорының 3 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Сондай-ақ, 100-ге жуық қала тұрғындарынан да жинақталып, жалпы есеп бойынша көмек мөлшері 10500 тоннаға жетті» деді Жастар ресурстық орталығы кеңес беру бөлімінің басшысы Асухан Назымбеков.
“Asar Ume” қайырылымдық қоры Атырау қаласынан бөлек, басқа өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен облыстарға да көмектесуде.
“Asar Ume” қайырымдылық қорының өкілі Данабек Ғабдуллиннің айтуынша, қордан Алматыдан Атырау қаласына жүктер ұшақпен әкелінген.
«Бұл жүктердің ішінде балаларға арналған жөргектер, азық-түлік және қажетті тұрмыстық заттар, сонымен қатар комбинезондар мен қайықтар бар. Қазіргі таңда штаб арқылы қажетті заттар қай өңірге қажет болса, сол жақтарға жіберіледі. Бұл қаражат халықтан жиналып жатыр. Атырау облысы Құлсары қаласына ең көп назар аударатын боламыз,- деді Данабек Ғабдуллин.