Атырау облысындағы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына тасқын су кіре бастады.
Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, Құлсары қаласындағы 2 және 3-ауылға тасқын судың кіру қаупі туындады.
«Жем өзенінің арнасынан асып тасыды. Осыған байланысты аудандық жедел штаб Құлсары қаласындағы 2 және 3-ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру туралы штаб шешім қабылдады. Бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас жандар және I, II, III-топтағы мүгедектер көшіріледі», — деп хабарлады аудандық әкімдік.
Тұрғындарды орналастыру үшін Құлсары қаласындағы бірнеше мектепте қабылдау пункті ашылды. Эвакуацияланған тұрғындар №1, 5, 6, 8, 9, 16 және 18-орта мектепке орналастырылады.
«Қауіпсіз аймаққа көшіру жақын жол жиегінде қойылған «БатысТехИнвест» ЖШС-нің автобустары арқылы жүзеге асырылады. Тұрғындардан өзімен бірге жеке құжатын, шағын төсек және басқа қажетті заттарын ала баруы сұралады», — деп мәлім етті аудандық әкімдіктен.