Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыЭкономика

Серік Шәпкенов Алмалы ауылында салынып жатқан оңалту орталығының құрылыс барысымен танысты

Облыс әкімі қала маңындағы Алмалы ауылында салынып жатқан 150 орындық мүгедектегі бар жандарды оңалту орталығының құрылыс барысымен танысты. Былтырғы шілдеде басталған жұмыстар кестеде белгіленген мерзімнен бұрын жүріп жатыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы медициналық көмек көрсету, сырқатты асқындырмау, әлеуметтік және кәсіби бейімделуді қамтамасыз ету бағытында қызмет ететін болады.

Атырау облысында 2008 жылы салынған 55 орындық жалғыз ғана оңалту орталығы бар. Мұнда жылына 1200 науқас ем-дом қабылдаса, қалған 3000-нан астам мүгедектігі бар тұрғын оңалту шараларымен қамтылмай отыр. Жаңа нысан пайдалануға берілгесін демографиялық өсімді ескере тұра, мүмкіндігі шектеулі жандар оңалту жұмыстарымен толық қамтылады деп күтілуде.

Бүгінде құрылыс жұмыстарының 30 пайызы жасалған. Ғимараттағы барлық блоктың іргетасы толық салынып, жертөле қабырғаларының монолиті құйылуда. Жалпы ауданы 5 га болатын орталық ғимараты үш қабаттан және бес блоктан тұрады. Жобада орталық аумағын түгелдей көгалдандыру мен серуендеу аймақтарын салу көзделген. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, нысан жыл аяғында пайдалануға беріледі.

Нысанның Алмалы ауылдық округінде салынуы кездейсоқ емес. Бұл жер — сауықтыру мен оңалтуға жақсы ықпал ететін қолайлы орта, мұнда қаладағыдай шу жоқ. Емделушілердің психологиялық жағдайына табиғаттың да әсері зор, ал бұл кешенді оңалтудағы маңызды аспект саналады.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы, өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды. Бұдан бөлек, құрал-жабдықтардың заманауи стандарттарға сәйкес болуын міндеттеді.

Back to top button