Атырау облыстық тарихи–өлкетану музейінде «Көрісу –наурыздың бастауы» атты амал мерекесіне орай мәдени іс-шара өтті.
Іс-шара барысында ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерге музей қызметкерлері көрісіп, келіндер сәлем салып, ән мен күй шырқалды. «Елсана» руханият — патриоттық қауымдастығының «Бабалар үні» ақылдастарының батагөй ақсақалы Ақмырза Батырқайырұлы көрісу мейрамының мән–маңызы туралы жастарға әңгімелеп, ақ батасын берді. Сонымен қатар, тұсаукесер жоралғысынан сахналық қойылым көрсетілді.
«Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығының құрылтайшысы Нұрберген Дәулетов бұл кештің ата-дәстүрді жаңғыртуға, жастарға ұлттық тәрбие беруге септігін тигізетінін атап өтті.
«Дәстүрлі мерекемізге орай Елсананың ақсақал аталары мен ақжаулықты аналарымыз болып көрісуді тойлап жатырмыз. Елге тілейтініміз халықтың амандығы. Ақ мол болсын. Өскелең ұрпақ атадан балаға қалған дәстүрімізді жалғастырса екен, болашақта қазақтың құндылығы сақталса деген арманымыз.Халқымыздың болашағы зор болсын, қазынамызды жалғастырушы ұрпақ аман болсын, — деп лебіз білдірді Н.Дәулетов.