Семинар-тренингте «4К» саласындағы сыни ойлау, креативтілік, коммуникация және мектеп жасындағы балалардағы ынтымақтастық саласындағы қабілеттерін диагностикалау мен дамыту бойынша әлеуметтік-психологиялық іскерлік, дағды, сондай-ақ әдістемелер жүйесі қамтылып отыр. Іс-шараға 175 педагог қатысты. Олардың 91-і тәрбие ісі меңгерушісі болса, 84-і психолог мамандар.
-Қазіргі кезде білім саласында инновациялық көп жобалар бар. Оларды қалай дамыту керек, балаға қалай көмек беру керек, сол туралы жобалармен таныстырып, семинар өткізіп отырмыз. Аталған іс-шара педогог-психологтарға, тәрбие-оқу ісі жөніндегі орынбасарларға, мұғалімдерге арналған. Баланың сыни ойлау, шығармашылық, ынтымақтастық, коммуникативті бір-бірімен қалай жұмыс жасау керектігі туралы психологтарға үйретіп жатырмыз. Сонымен қатар семинарда тек қана балаларға ғана емес, мұғалімдерге де методика арқылы көңіл бөлеміз. Сабақ үстінде баланың шығармашылығын қалай қосу керектігі жөнінде көрсетеміз,- деді «Еl Umiti» қорынын балалар мен жастарды дамыту орталығының басшысы Гулим Джусупова.
Оның айтуынша, жоба 2021 жылы басталған. «Еl Umiti» бағдарламасында бірнеше жоба бар. Онда мұғалімдерге арналған «Smart Ustaz» деп аталатын платформа да қаралған.
-Көп мұғалімдер ауданнан, ауылдан қалаға жете алмай жатады. Сондықтан платформа арқылы олар қазіргі кезде қызықты бағдарламаларды өздері үйде отырып, телефон, компьютер арқылы оқып, сертификат ала алады. Сертификаттар министірліктен беріледі. Оқу тегін. «Qabilet» жобасы психологтарға арналған. Бала онлайн платформада кез-келген жерде отырып, тесттен өтіп, өзінің бағытын біле алады. Сонымен қатар оған ертең мамандық таңдауға, олимпиядаға қатысуға, сабақ оқуға бағдар береді,- деді Г.Джусупова.
Сондай-ақ орталық басшысы «Еl Umiti» премиясы жайында айтып өтті. Онда оқушылар жеті бағыт бойынша бақ сынай алады. Яғни бала «Оқуға құштар ұлт», «Еріктілік», «Өзін кәсіби маман ретінде айқындау», «META-SKILLS Машық пен дағдылар», «Спорт және салауаттты өмір салты», «Экологиялық мәдениет, туризм» және «Ұлттық мұра» жобасына қатыса алады. Өз жобаларын платформа арқылы тіркеп, жетістіктерін көрсетеді. Ұтқан адамға ақшалай сыйлықтар қарастырылған.