«21 ақпан — Халықаралық ана тілі күніне орай Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Өнер Fest» атты ұлт өкілдерінің қатысуымен өнер фестивалі өтті».
Фестивальдің мақсаты – тіл саясатын дамытып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Сондай-ақ тұлғаның өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, ұлт өкілдері арасында сүйіспеншілікті арттырып, достық пен өзара түсіністікке баулу.
-Баршаңызды халықаралық ана тілі күні мерекесімен құттықтаймын. Тіл – мемлекеттің тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Бұл жас мереке болса да, өте маңызды. Тіліміздің тұғыры биік, мәртебесі жоғары болсын!
Қызметіміз тұрғындарға тегін мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту, сонымен қатар тілдік семинарларды өткізу. Орталық жұмысын 2022 жылы бастады. Орталықта «Мемлекеттік тілді оқыту» курсы«Qaztest» жүйесі бойынша бес деңгейде оқытылады. Атап айтсақ, А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде 120 сағаттық курс өтеді, сонымен қатар сұраныстары негізінде орыс және ағылшын тілдеріне оқыту курстары жүргізіледі, — деді «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Сәуле Кубашева.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта орталықта «Мемлекеттік тілді оқыту» курсы бойынша 184 адам (оның ішінде ҰҚК Атырау облысы бойынша департаменті, ҰҚК Шекара қызметі және жеке тұлғалар) бар. Ал «Ағылшын тілін оқыту» курсында 30 жеке тұлға оқуда. Осылайша барлығы 214 адам бүгінгі таңда тілдік курсттардан өтуде.
Іс-шара барысында Орталықтың тілдік курс тыңдаушылары арасында «Darmarka» ұйымдастырылып, қатысушылар бір-біріне тарту жасап, сыйлықтармен алмасты. Әр ұлт өкілдерінің ән-биі орындалып, ұлттық тағамдарынан дастарқан жайылды. Қазақ тілін дамыту мақсатында ұлт өкілдеріне жаңылтпаш, мақал-мәтелдермен қатысты түрлі байқаулар өткізілді.
Сонымен қатар фестивальдің жеңімпаздары, белсенді тыңдаушылар анықталды. «Ең үздік ән орындаушы» номинациясын Наталья Власова, «Ең сәнді ұлттық киім иесі» номинациясын Райхан Хасанова, «Ең ерекше ұлттық тағам иесі» номинациясын Алтын Джарылгапова иеленді. Сондай-ақ «Ең ерекше биші» номинациясы Гульсин Шаухановаға, «Ең ұшқыр ойлы тыңдаушы» номинациясы Зульфия Жанузаковаға, «Ең өнерлі жан» номинациясы Екатерина Ермольчеваға, «Полиглот тыңдаушы» номинациясы Орынай Доскалиеваға берілді.
Айта кетейік, Халықаралық ана тілі күні 1999 жылы 17 қарашада ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 30-шы сессиясында бекітілген болатын.