«Атырау» футбол клубына жаңа ойыншылар келді. Оның бірі — беларустық шабуылшы Николай Сигневич. Қазақстандық жартылай қорғаушы Аслан Әділ де енді өңір құрамасында ойнайды.
Жергілікті футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 31 жастағы Николай Сигневич Атырау» командасымен 2024 жылдың соңына дейін келісімшартқа қол қойған.
Ол футболдағы еңбек жолын «Смолевичи» (Беларусь) командасында бастап, кейін «Динамо» (Брест) және БАТЭ клубтарында ойнаған. Ресейдің «Химки», Ференцварош» (Венгрия) және «Платаниас» (Греция) командаларында доп тепкен. Ал өткен жылдың қыркүйегінен бері «Аполлон Смирнис» «Грекия) клубының құрамында тәжірибе жинаған. Бұл клубта 22 ойын өткізіп, 1 гол соққан.
«Николай Сингевичтің еншісінде 327 матчта соққан 76 гол бар. Әріптестеріне 34 нәтижелі пас берген», — деп хабарлады футбол клубының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ «Атырау» футбол клубының құрамына қазақстандық жартылай қорғаушы Аслан Әділ қосылды. Оң жақтағы жартылай қорғаушы позициясында ойнайтын ол «Жетісу» құрамында 22 матч өткізген.
«Атырау» құрамында тәжікстандық қорғаушы Фахриддин Ахтамов та ойнайды. Футболшымен жыл соңына дейін келісімшарт жасалған. Ол бұрын Душанбенің «Локомотив» және «Динамо» клубтарында доп тепкен.