Оң жақтан басқарылатын көліктерді бөлшектеп әкелуге уақытша тыйым салынды
Елімізде қауіпсіздік стандарттарын сақтау мақсатында оң жақтан басқарылатын автокөліктерді бөлшектелген түрде әкелуге тыйым салынды. Аталған бұйрық бүгін өз күшіне енді. Уақытша шектеу мерзімі 6 айға созылады. Кейін ұзартылуы да мүмкін. Тыйым салу шаралары Шекара қызметі және Мемлекеттік кірістер комитетімен іске асырылатын болады.
Қазақстан Республикасының азаматтары мұндай көлік құралдарын конструкторлар түрінде әкеліп, заңнама нормаларын айналып өтуде. Оң жақ рөлді көліктердің жол қозғалысының басқа қатысушыларына тигізер қаупі басымырақ. Сол себептен мұндай шектеу заң бұзушылықтардың алдын алуға және жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
ҚР «Жол жүрісі туралы» Заңының 67-бабына сәйкес 2007 жылдан бастап ҚР-да оң рөлдік автомобильдерді заңдастыруға тыйым салынғанға дейін аталған көліктерді заңдастыруға мүмкіндік болған. Кейін шетелдік көліктерді тіркеуге жеңілдік туып, Атырау облысы аумағында бір реттік 200 мың теңгелік жеңілдікпен заңдастыру шеңберінде 19 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Оның ішінде 1200-ден астам автомобиль конструкторлар, яғни оң рөлді көліктер.
Айта кетейік, 2023 жылы Атырау облысы аумағында оң жақ рөлді көліктердің қатысуымен 9 жол көлік оқиғасы орын алған. Тиісінше 14 азамат дене жарақатын алса, 8 адам көз жұмған.