Облыс әкімі Серік Шәпкенов Мақат ауданына жұмыс сапарымен барып, Доссор кентінің тұрғындарымен кездесті.
Алдымен аймақ басшысы кентте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Доссор кентінде апатты үйлердің тұрғындарын жаңа пәтерге көшіру мәселесі өзекті.
— Мақат ауданында ғасырлық тарихы бар, алайда апатты жағдайда тұрған 100-ден астам үй бар. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек. Осындай пәтерлердің мәселесін шешу бойынша арнайы жоба жасалып жатыр. Соның арқасында Индер ауданы мен қаладағы апатты үйлердің мәселесі оң шешімін тауып, тұрғындар жаңа пәтерлерге кезең-кезеңімен көшіріледі деп күтіліп отыр. Алайда кентте халықты көшіру үшін сатып алатын дайын пәтерлер болмауынан, жаңа тұрғын үйлерді салу туралы шешім қабылдадық. Қазір Доссор кентінен «NСОС» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобалары аясында 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысын бастауға мердігер мекемемен дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Аталған тұрғын үй құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал Мақат ауданындағы апатты үйлердің тұрғындарын көшіруге 80 пәтерлік тұрғын үй сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді,-деді С.Шәпкенов.
Жиында Серік Шәпкенов тұрғындарды толғандырған мәселелерді тыңдады. Доссорлықтар ойын алаңын салу, вокзал перронын күрделі жөндеуден өткізу, кәріз суын тазарту иммаратын салу, ауылішілік жол салу сынды өзге де мәселелерді көтерді.
Өңір басшысы тұрғындар көтерген мәселелер өзектілігіне қарай Заң аясында шешімін табатынын айтты. Кейін азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, қажетті кеңес берді.
Облыс әкімінің Доссор кенті тұрғындарымен өткен кездесуі аудан әкімдігінің Instagram, Facebook желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.