Этнофестиваль аясында ұйымдастырылған аймақтық ақындар айтысына 12 ақын қатысты.
Ауданның тарихи тұлғаларын дәріптеу, олардың ғылым мен білімде жеткен жетістігін, сан салалы ғылым иесі екендігін өлеңмен өрнектеу арқылы қалың көпшілікке жеткізу мақсатында өткен айтысқа Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының жүйріктері қатысты.
Бағы мен бабы келіскен ақындарға Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ақын, жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Төлеген Жаңабайұлы, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, әнші, сазгер Қалидолла Ізекенов, айтыстың ардагері, белгілі ақын Мүтиғолла Ғани, «Айтыс» қоғамдық қорының төрағасы, «Асыл домбыраның» иегері, белгілі ақын Шынарбек Қабиев, ҚР мәдениет саласының үздігі, белгілі ақын Саадат Нұрманов төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде қызылқоғалық Батыржан Кәдірбайға бұйырса, бірінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Бауырдан Шермеденұлы, екінші орынды құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғыманов, үшінші орынды маңғыстаулық Жанболат Алиев пен ақтөбелік Қайырхан Жұманиязов иеленді. Ал өзге де қатысушыларға алғыс хат пен ақшалай сыйақы берілді.
Іс-шарада аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали 42 жыл ұстаздық қызметпен қатар, айтыс өнерін дәріптеген Жайғали Өтеуғалиға ауданның Құрметті азаматы атағын берді.
Сонымен қатар аталған этнофестиваль аясында батыс өңірінің күйші-термешілері арасында байқау өткізілді. Сайыста Махамбет Өтемісұлының «Мен, мен едім, мен едім», «Менің атым Махамбет», «Арғымақтан туған қазанат», «Ей, Махамбет жолдасым», «Аспанда ұшқан бозторғай» сынды еңбегінің бірін қатысушының қалауы бойынша орындалса, екінші кезеңде Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян», «Сырыарқа», «Әттең, бір қапы дүние-ай», «Топқа түскендегі толғау», «Жалғаншы пәни жалғанда» шығармасы жырланды.
Байқауға Ойыл (Ақтөбе), Жылыой, Мақат, Исатай, Махамбет, Қызылқоға, Сырым (Батыс Қазақстан), Құрманғазы аудандарынан және Атырау қаласынан жас күйші, термешілер қатысты.
Дүбірлі дода нәтижесінде күйшілер байқауы бойынша бас жүлде атыраулық Бейімбет Каримовке, I орын қызылқоғалық Махмут Есетке, II орын атыраулық Зулкарнай Қайратовқа, III орын Жылыойлық Хамит Сағынбаев пен махамбеттік Рамиль Елемесовке берілді. Сондай-ақ термешілердің арасынан бас жүлде атыраулық Аружан Ерімоваға, I орын жылыойлық Ризабек Серікке, II орын қызылқоғалық Ұлан Жакеновке, III орын құрманғазылық Құралай Кудиярова мен исатайлық Әсем Батиховаға бұйырды.
Сондай-ақ көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылығымыздың бірі – садақ ату өнері насихатталып, ашық біріншілік өтті. Оған көршіліс облыстар мен өңірден 20-дан астам құралайды көзге атқан мерген жиналып, мықтыны анықтады.
Жарыс үш кезеңнен тұрды. Мергендер 30 метр қашықтыққа нысана көздеп, сынға түсті. 1 тур — қалқан нысанасы, 2 тур — қалқан нысанасы, 3 тур — жамбы нысанасы түрінен болды.
Бабы мен бағы келіскен садақшылардың ішінен 5 үздік анықталды. І орын атыраулық Марат Бексұлтанұлына, ІІ орын жылыойлық Серікболсын Шабаевқа, ІІІ орын жылыойлық Аңсар Құлметеновке, IV орын қызылқоғалық Тойлыбек Қабиевке, V орын Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданынан келген қатысушы Мұрат Лұқпановға берілді.