Бірнеше рет пайдалануға болатын бахилы қайта өңделген пластиктен өндірілген. Ерекше жобаны оқушылар «Шеврон» компаниясымен серіктестікте Орталық Азияның Еуразия қоры Атырау қаласында өткізген «ABAY GYLYM FEST» отбасылық-ғылыми фестивалі аясында ұйымдастырылған оқушылар арасындағы ғылыми жобалар конкурсында таныстырды.
Экобахилыны жасауға қоқыстардың көшеге тасталуы себеп болған. Конкурсқа қатысушы Әдия Еңсепова әсіресе жауынды күндері көшеден әр жерде шашылып жатқан бахилыларды жиі кездестіретінін, өзін пластиктердің көптеп тасталуы алаңдататынын жеткізсе, құрбысы Әйгерім Абуханова экожобаның қалай жүзеге асқанын айтып өтті.
— Қазіргі уақытта қолданыста био пакеттер бар, бірақ бахилылар жоқ. Жауын-шашынды күндері мұндай экологиялық таза бахилының қажеттілігі жоғары деп ойлаймын. Біз мұны өндіру үшін крахмал мен глицеринді қолдандық. Осындай ерекше жобамызды жүзеге асыруымызға Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігі үлкен мүмкіндік берді. Біз бұл кеңістікте «Химия» курсы бойынша дәріс алып жүрміз, — деді ол.
«Химия» курсының тренері Әсел Оңдашованың айтуынша, күнделікті қолданыстағы бахилылар пластиктен жасалған. Олар атмосфераға улы заттар бөледі. Ал Әдия мен Әйгерім жасаған бахилылар биопластик – қайта өңделген экопластиктен жасалған. Сәйкесінше олардан атмосфераға зиянды ешқандай улы заттар бөлінбейді.
Еске салайық, өткен жылдың мамыр айынан бері Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан JasSpace бағдарламасы аясында 6000-нан астам оқушы STEAM бағдарламасы бойынша түрлі оқу курстардан өтті. 90-ға жуық оқушы қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарға қатысты. Жақында ғана JasSpace кеңістігінің оқушылары Түркияның Бурса қаласында робототехника бойынша өткен конкурста 170 команданың ішінен алдыңғы 20 команданың құрамында болды.