Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыБілім

Атырауда бір күнде үш балабақша ашылды

Олар Әбілхайыр хан даңғылында орналасқан «Дарын», Сұлтан Бейбарыс даңғылындағы «Жанбота» және Береке ықшамауданындағы «Береке» балабақшалары. Әрқайсының сыйымдылығы 290 орынға арналған. «Береке» бөбекжайының ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, балалардың игілігі үшін жасалатын жобалар алға қарай да жалғасатынын айтты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жан-жақты жағдай жасау үшін балабақша мен мектептердің санын көбейтуді тапсырды. Осындай әлеуметтік нысандардың құрылысы тек мемлекет есебінен ғана емес, кәсіпкерлердің де қолдауымен жүргізілуде. Биылдың өзінде облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында тоғыз бөбекжай салынып, оның үшеуі бүгін, қалғаны осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бала — біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге қажет жағдайдың бәрі жасалады. Жас өренді жақсылыққа баулып, ізгілікке үйрету осында жұмыс істейтін тәрбиешілерге байланысты. Сіздер тәрбиелеген балалар ел абыройын көтеріп, күні ертең еліміздің мақтанышына айналады деп сенім білдіремін,-деді С.Шәпкенов.

Ашылу салтанатында облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында тоғыз балабақшаның құрылысын аяқтап, ел игілігіне пайдалануға қосқан зор үлесі үшін «JM» CAPITAL Холдингінің ұжымына ризашылығын білдірді.

Балабақшада асхана, жатын бөлме, ойын, мұғалімдер бөлмесі, сондай-ақ логопед және психолог бөлмелері, спорт  залы заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Асханадағы тағамдар санитарлық талапқа сай бөлек тоңазытқыштарда сақталады. Ал дәрігер бөлмесінде балаларға алғашқы көмек көрсетуге қажет дәрі-дәрмектің бәрі бар.

Әр балабақшада 26 қызметкер жұмыспен қамтылды. Балалар кіші және үлкен топтардан құралған 12 топқа бөлінеді.

Ал тәрбиеленушілерді қабылдау желтоқсан айынан бастап indigo24.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Осы жылдың аяғында 1 740 баланы қамтитын тағы да алты балабақша ашылып, қажеттілік 15,2 пайызға азаяды.

Back to top button