Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыСпорт

Атыраулық жас дзюдошылар Азия чемпионатынан жүлдемен оралды

Өзбекстанның Ташкент қаласында 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында атыраулық жас дзюдошылар Зере Өтепқали 40 келі салмақта 3-орын, Ерхан Мұрат 55 келіде 2-орын, Аниса Ибатолла 70 келіде 3-орын, Дана Абдирова 57 келіде 3-орынды иеленді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

14-16 қараша күндері өткен чемпионатқа 15 мемлекеттен жалпы саны 600-ге жуық спортшы қатысса, Атырау облысынан 4 спортшы бақ сынаған болатын.

Жас спортшыларды арнайы күтіп алған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов дзюдошыларды жетістіктерімен құттықтап, қала әкімі Шәкір Кейкіннің атынан алғыс білдірді.

— Бүгін тек Атыраудың ғана емес, барлық қазақтың абыройын көтеріп, үкілеп, үміттенген біздің жас болса да батыл мінезді палуандарымыз Азия чемпионатында небір-небір мықтылармен белдесіп, жеңімпаз болып келіп отыр, құтты болсын! Дзюдодан аға бапкер Болат Жұмабаев шәкірттеріне жақсы тәрбие беріп, елдің аманатын, абыройын көтеріп, үлкен жетістіктерге жеткізіп келді. Балаларымыздың ата-аналарына, бапкерлерге, спорт басқармасының басшыларына Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкінұлының атынан алғысымды білдіремін. Қашан да жолдарыңыз ашық болсын! Спорт саласындағы шеберліктеріңізді көрсетіп, батыл қайсыр мінездеріңізбен жеңістіктерге жете берулеріңізді тілеймін,- деді Н.Ермұханов.

Ал дзюдодан аға жаттықтырушы Болат Жұмабаев жарыс өте жоғарғы дәрежеде өткенін айтты. Сондай-ақ ол жерлестеріміз чемпионатқа дейін үш жаттығу өткізгенін, дегенмен барлық қарсыластары мықты дайындықпен келгенін жеткізді.

Айта кетейк, атыраулық спортшылар 2024 жылғы 24-ақпанда Түркістан қаласында өтетін ел чемпионатына қатысады.

Back to top button