Еліміз бойынша алғаш рет өткізіліп отырған олимпиадаға 9-11 сынып оқушылары қатысуда. Атырау облысы бойынша қала маңындағы ауыл мектептері мен 7 ауданнан 110 мектеп, 3087 оқушы қатысып отыр.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков білім додасына қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.
-Бұл бастаманың мақсаты – ауылдық білім беру ұйымдарындағы оқушылардың дарындылығы мен қабілеттерін анықтау. Сондай-ақ, қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу — деді Е.Сламбеков.
Олимпиада жалпы білім беретін пәндер бойынша жаратылыстану-математикалық бағытта: математика, физика, химия, биология, информатика, география пәндерінен өткізілсе, қоғамдық-гуманитарлық бағытта: қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі пәндерінен өткізіліп отыр.