Атырау облысының Исатай ауданында дәрігерлер династиясы – Әбежановтар әулеті дауыс беруге келді. Бұл әулетте медицина саласының 11 өкілі бар.
Исатай ауданында 15 сайлау учаскесі бар. Бұл учаскелерде 15 883 сайлаушы тіркелген. Аудан орталығы – Аққыстау ауылындағы №133 сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Насимуллиннің мәліметінше, мұнда 1 203 сайлаушы дауыс береді.
Сайлаушылардың тізімінде медицина саласының ардагері Қадыржан Әбежановтың отбасы да бар. Ұзақ жыл аудандық жедел жәрдем бригадасында фельдшер қызметін атқарған зейнеткер дауыс беруге зайыбын, бала-келінін, немерелерін ерте келді.
Оның зайыбы Меңсұлу Есенғалиева рентгент медбикесі болып жұмыс істеген. Ал, ұлы Жеңісбек аудандық орталық аурухананың хирург-дәрігері, келіні Мәриям Сергейқызы учаскелік дәрігер ретінде тұрғындар денсаулығын сақтауға үлес қосып жүр.
— Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері бірнеше рет Президент, Парламент Мәжілісінің сайлауы өтті. Ал, алғаш рет аудан әкімінің сайлауын елдегі демократиялық үрдістің жемісі ретінде бағалау қажет. Өйткені, халық сайлаған аудан әкіміне жүктелетін жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес. Сол себептен, бүгін үміткерлердің іскерлігі, ұйымдастырушылығы ескерілуге тиіс. Жаңа әкім бұқараның әлеуметтік тұрмысын жақсарту, әсіресе, жұмыссыздықты азайту, ауылдарды инфрақұрылыммен қамту, құм көшкінінен қорғау секілді түйінді мәселелерге көңіл бөлуі керек, — дейді Қадыржан Әбежанов.