Н.Жантөрин атындағы филармонияда еліміздің Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласында сіңірген еңбектері үшін бір топ мамандарды марапаттап, жылы лебізін білдірді.
— Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке осы салада қажырлы еңбек етіп, қарттар мен мүгедектерге, көп балалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға қызмет көрсетіп, халық игілігіне аянбай еңбек етіп жүрген адамдарға деген зор құрметтің, шынайы алғыстың белгісі. Мемлекетіміздің ең маңызды функцияларының бірі – әлеуметтік саясатты жүзеге асыру. Сіздердің жұмыстарыңыз мейірімділік пен төзімділік қасиеттерімен қатар, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл сала күннен күнге дамып, күрделеніп келе жатыр. Осы бағытта сіздердің қоғамдағы атқарған жұмыстарыңызға үлкен алғыс білдіреміз. Абыройлы істеріңіз халықтың жоғары бағасымен бағаланып, еңбектеріңіз елене берсін,- деді Ж.Бисембиев.
Мерекелік шарада Халықты әлеуметтік қорғау саласында сіңірген еңбектері үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісімен «№1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету 18 жастан асқан психоневрологиялық жүйке аурулар орталығының» палата санитары Алия Рсалиева және «№4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету қарттар мен мүгедектерге арналған орталығының» директоры Қилымқас Күзембаева марапатталды.
Жиында Ж.Бисембиев бірнеше сала мамандарына «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты, облыстық Мәслихат төрағасының Алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар, салтанатты шарада мерекеге қарсаңында басқармаға қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары арасында өткен «Спорт – денсаулық кепілі» атты спартакиада жеңімпаздары марапатталды. Нәтижесінде, I орынды №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы еншіледі. Ал №4 Қарттар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы II орынды, облыстық Мүгедектерді оңалту орталығы III орынды иеленді.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жағасын тапты.