Махамбет ауданының Сарайшық ауылында орналасқан «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мəдени музей-қорығында баспасөз туры өткізілді.
Баспасөз турына аймақтағы бірқатар БАҚ өкілдері қатысты. Турдың мақсаты — өңірдегі тарихы терең, жәдігері құнды туристтік орталықтың мемлекеттік маңызын тілші қауымдары арқылы көпшілікке насихаттау.
Алдымен журналисттерді музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейт Мұхтар қарсы алды. Кейін, «Сарайшық» сапар орталығындағы музей экспозициясы залдарына және жәдігерлерді қайта қалпына келтіру және қолөнер лабораториясына қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде экскурсия жүргізілді. Музей-қорығында атқарылып жатырған жұмыстар және олардың насихатталуы баяндалды.
— Біз бар басымдылықты ғылымға әкеліп тіреуіміз керек. Сарайшық маңында ел тарихына үлкен жаңашылдық болып қосылатын, орта ғасырлық оқиғалар жетерлік. Оны дәлелдеу үшін ғалымдардың қосар үлесі көп. Сол себепті біз Сарайшықтың атын әлемге жариялау үшін шет елдік ғалымдармен де бірлесіп қызмет атқарып жатырмыз, — деді Ә.Мұхтар.
Кейін БАҚ өкілдері ортағасырлық Сарайшықтағы археологиялық қазба орындарымен және жаңа нысандармен танысты.
«Сарайшық» сапар орталығы елімізде орналасқан 5 сапар орталығының бірі. Оның жалпы аумағы 2 гектар. Орталық 9 залдан құралған. 12 орындық қонақ үй мен асхана жабдықталу үстінде. Осы жылдың өзінде музей-қорығы 18 820 келушіні қабылдап үлгерген. Өткен жылы келушілер саны 18 586, ал 2021 жылы 12 848 болып тіркелген.
Қазіргі таңда музей-қорығында 8 ғылыммен айналысатын қызметкер, 4 экскурсовод, қалыпқа келтіруші, бас қор сақтаушы, музей қараушысы, қор сақтаушы мамандар қызмет атқаруда.