Атырауда ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының кубогы үшін жол саласы қызметкерлерінің арасында волейбол және кіші аяқ доптан дәстүрлі турнирі өтуде.
Турнирдің ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
— Автомобиль жолдары комитеті төрағасының кубогі үшін қызметкерлер арасындағы дәстүрлі турнир биыл Атырауда өтуде. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Іс-шара мекемелер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ұйымдастырылып отырғаны бәрімізге мәлім. Сол себепті осы тартысты додаға еліміздің әр облыстарынан командалар қатынасып отыр, барлығыңызға сәттілік тілеймін! — деді Қ.Нұртаев.
Турнирге Астана қаласынан ҚР КМ Автомобиль жолдары Комитетінің командасы мен «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны қызметкерлерінен құралған, сондай-ақ Ұлттық сапа орталығы мен «ҚазАвтожол» АҚ-ның Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Атырау облысындағы филиал қызметкерлерінен құралған 7 команда қатысты.
Іс-шара аясында командалар волейболдан сайысқа түсіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде, жүлделі І орын Ақтөбелік командаға бұйырды. Ал Астана қаласынан Автомобиль жолдары Комитетінің командасы ІІ орынды, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК командасы ІІІ орынды иеленді.
Турнир бүгін кіші аяқ доппен жалғасын табуда.