ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымына Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Нұрлыбек Жеңісбекұлы тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға облыс әкімі Серік Шәпкенов таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Нұрлыбек Жеңісбекұлы 1988 жылы туған. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің «филология» факультетін тәмәмдаған. Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясы халықаралық қатынастар магистрі. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан» телеарнасында тілші болып бастаған. Әр жылдары облыстық және республикалық телеарналарда редактор, сарапшы қызметтерін атқарған.
2013-2017 жылдар аралығында Шымкент қаласы және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдерінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі лауазымдарын атқарды.
2017 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы;
2018 жылы ҚР Энергетика министрлігі Стратегиялық және ақпараттық даму департаменті директорының орынбасары;
2020-2022 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары;
2022 жылдың ақпан айынан бастап тағайындалғанға дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етті.
Биыл облыс әкімінің аппарат басшысы «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінен мемлекеттік саяси қызметшілер санатына ауыстырылды. Нұрлыбек Жеңісбекұлы аппарат қызметіне басшылық етумен қатар, идеология, ішкі саясат, жастар саясаты және дін мәселелеріне жауап береді.