Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыСпорт

Екі дүркін әлем чемпионы үйінде жаттығады

Жуырда ғана 7-12 қыркүйек аралығында Өзбекстанның Хиуа қаласында гір көтеруден өткен әлем чемпионатында отандасымыз Ришат Ғалиахметов екінші рет чемпион атанды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл жолғы әлем біріншілігінде гір тасын 206 рет көтерген атыраулық ауыр атлет 25 мемлекеттен қатысқан 650 спортшыны басып озды. Ал,  Қазақстан командасы командалық есепте екінші орын иеленді.  Бір қызығы, әлемнің қос дүркін чемпионы үйінің ауласында жаттығады екен.

«Мен қасиетті топырақ Қызылқоға ауданындағы Абай ауылында тұрамын. Ол жақта спорт залы жоқ. Сондықтан үйдің ауласы мен сарайда шынығамын. Әрі, спортқа баулып, тәрбиелеп жүрген шәкірттерім де бар. Осы орайда, ауылымызға спорт кешені ауадай керек. Себебі, ауыл спортшылары ел намысы сынға түсетін ірі жарыстарға кең сарайда дайындалғысы келеді. Көп кешікпей ауылда жаңа спорт нысаны бой көтереді деп үміттенеміз» дейді ол.

Екі дүркін әлем чемпионы бізді тағы бір қырымен таңқалдырды. Ол үшін гір тасын көтеру – жай ғана сүйікті ісі екен. Ал, негізгі қызметі – Абай ауылындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып шықты! Білім беру саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты.  Айта кетейік, Ришат Ғалиахметов Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатында 48 келі гірді 10 минутта 60 мәрте көтеріп, әлем чемпионы атанған болатын.

Все права защищены. Используйте активную ссылку на Atpress.kz https://atpress.kz/kk/news/atyrauda/eki-d-rkin-lem-chempiony-jde-zhattygady

 

 

Back to top button