Ресей Федерациясы Астрахань облысы Астрахань филормониясында қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай өнер көрсеткен атыраулық оркестрдің концертіне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дәурен Абаев, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облыстан арнайы барған делегация мүшелері мен ресейлік көрермен қатысты.
Концертте оркестр Астрахань тұрғындарына қазақтың әйгілі Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Қаршыға Ахмедьяров, Құрманғазы Сағырбаев сынды күйшілердің танымал күйлерін, Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попури орындады. Сондай-ақ домбырашылар, баяншылар, қобызшылардың орындауында жеке нөмірлер қойылды.
Айта кету керек, биыл «Нарын» оркестріне — 56 жыл. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, дирижеры ҚР Мәдениет саласының үздігі Ержан Кетаров, оның құрамында 60-тан астам музыкант жұмыс істейді.