Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыТуризм

Атырау облысында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде

Биыл облыста 4 жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде «Таскешу» керуен сарайында жүргізілген қазба жұмыстары аяқталды. Ал Сарайшық қалашығы мен Қызылқоға ауданындағы Қарабау-2, Қарақұдық-1, Қарақұдық-2 қорғандарына зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Мира Дәулетбаева мәлім етті.

Оның айтуынша, Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Таскешу» керуен-сарайына 29 мамыр мен 17 шілде аралығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Зерттеу жұмыстары негізінде керуен сарайдың қақпа бөлігі және шығыс, солтүстік бөлігінде орналасқан сарай бөлмелері, атап айтсақ 14 бөлме, 3 мұнара Суфа, тандыр ошақ пештері толықтай ашылып, жалпы көлемі 800 шаршы метр аумағынан топырақ алынған.

— Бұл тарихи кешен Алтын Орда дәуірінде Сарайшық қалашығынан шығып, Орталық Азияға апаратын ескі Ноғай керуен жолында сауда керуендеріне қызмет еткен. Мұнда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде 30-ға жуық Алтын Ордалық 4 күміс, 26 қола монета кездесті. Тоқтамыс хан мен Өзбек ханның керамикалық ыдыс фрагменттері, моншақ және шығыр бөліктері, әртүрлі іздер қалған Алтын Ордалық стандартты кірпіш тастар анықталды. Сағыздың ескі арнасынан Таскешу керуен сарайынан солтүстік жағында 1,5 шақырым жерде Алтын Орда кезеңіне жататын мекенжайлар, үйлердің орындары, 5 күміс теңге, қола тиындар табылды. Ол монеталар да Алтын Орда хандарына тиесілі, — деді М.Дәулетбаева.

Сондай-ақ ол, ортағасырлық Сарайшық қалашығының 700 шаршы метр болатын аумағында археологиялық зерттеу жұмыстары жүріп жатқанын айтып өтті.

— Мемлекеттік сатып алудың қорытындылары нәтижесінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК жеңімпаз ретінде анықталып, Ортағасырлық Сарайшық қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жұмыстың орындалу мерзімі шартқа қол қойған күннен бастап 60 күнді құрайды. Ғылыми есебі жұмыс толық аяқталған соң ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады, — деді ол.

Айта кетейік, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің тапсырысымен Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылы Қарақұдық 1, Қарақұдық 2 қорғандарына жүргізілетін қазба жұмыстарының мердігерін анықтау үшін Мемлекеттік сатып алу веб порталы арқылы баға ұсынымы жарияланған. Нәтижесінде жеңімпаз атанған ЖК «Нұрсатпен» келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда қазба жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қарабау-2 қорғанына археологиялық зерттеу жұмыстары Мемлекеттік сатып алу веб порталы арқылы алдағы уақытта жарияланбақ.

Back to top button