«Отбасы банк» акционерлік қоғамы Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен жергілікті жастарға салтанатты жағдайда баспана кілтін табыс етті. Шараның басты қонағы, белгілі «Орда» тобының әншісі Дастан Оразбеков қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні қарсаңында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Пәтер кілтін табыстау салтанаты Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс атындағы орталық алаңда кең көлемде аталып өтті.
Алдымен алаңға жиналғандарға «Отбасы банк» АҚ құрылу тарихы мен қазіргі қызметіне қатысты сұрақтар қойылып, викториналық ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен жаңа жиһаз алуға сертификаттар берілді. Осыдан соң биыл 20 жылдығын атап өтіп жатқан «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов баспана бақыты бұйырған жандарға көптен күткен пәтер кілттерін табыстады. Бұл туралы Atpress.kz жазды.
– Мұндай коллаборация алғаш рет Атырауда көрініс тауып жатыр. Серік Жамбылұлы бастаған жергілікті әкімдіктің қолдау білдіргеніне ризамын. Мен бұл өңірде осыдан 20 жыл бұрын екі жылдай уақыт тұрған едім. Осы уақыт ішінде «мұнайлы астана» айтарлықтай өзгерген. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін де үймен қамту бағытында жұмыс жасайтын боламыз. Өйткені, адам баласын ажалдан арашалап, саулығын сақтап жүрген жандар қандай құрметке де лайық, — деді Н.Сағындықұлы.
Осылайша, биыл ақпанда бастау алған аймақтық «Атырау жастары» бағдарламасы аясында алпысқа жуық отбасы баспаналы болып отыр. Соның бесеуі бұл күні сахна төріне шығып, армандаған пәтер кілтін қолдарына алды. Бақыттан бастары айналған олар көз жасына ерік беріп, қуаныштарын жасыра алмады. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, тіпті, салық қызметкерлері де бар.
– «Атырау жастары» бағдарламасы арқылы 100 отбасын үймен қамту жоспарланып отыр. Сондықтан бағдарлама сәтті жүзеге асса, келесі жылы да жалғасын табады. Оның шарттары да өте қарапайым. Бастапқы жарна – 10 пайыз, несие мөлшерлемесі – 5 пайыз. Сол сияқты, «Бақытты отбасы» деген мемлекеттік бағдарлама да бар. Онда бастапқы жарна – 0 пайыз, несие мөлшерлемесі – 5 пайыз. Өкінішке қарай, аталған бағдарлама бойынша негізгі тізімге енген 366 адам одан арғы кезеңге өте алмады. Себебі, бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, оған тек мемлекет тарапынан және жаңа құрылыс компаниялары салған үйлер ғана қатыса алатын болды. Ал, соңғы кезде ондай компаниялар өз міндеттерін орындамай жатқан деректер көбейіп кеткені белгілі. Сондықтан облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қолдауымен «Бақытты отбасы – Атырау» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Бұл ретте, қандайма бір басталған құрылыстың соңына дейін аяқталатындығына 100 пайыз кепілдік бар деген сөз. Осындай кепілдікке ие компаниялардың бірі – «К7 Group» деп айтар едім. Өйткені, ол біздің банк қойып отырған қатал талаптардың бәріне толыққанды жауап бере алады, — дейді «Отбасы банк» АҚ Атыраудағы филиал директорының орынбасары Нұрболат Батыр.