«Саламатты Қазақстан» пойызының бас дәрігері Айнұр Игинбаеваның айтуынша, пойыздың құрамында 8 вагон бар. Арнайы жобаның басты ақпараттық серіктесі – ҚР Президентінің телерадио кешені.
Исатай ауданындағы Исатай стансасына 5 қыркүйекте келген. Содан бері мұнда тұрғындарға тегін медициналық көмек, психологиялық, құқықтық және медиативтік кеңес беріліп жатыр. Ауыл тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог секілді білікті дәрігерлердің кеңесін алып, тегін тексеруге жүгінген.
«Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді. «Саламатты Қазақстан» пойызы 26 сәуірде Алматы-2 стансасынан жолға шыққан еді. Осы кезге дейін Алматы, Жетісу, Абай, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Маңғыстау облыстарында қабылдау жүргіздік. Жобамыз 6 желтоқсанға дейін өз жалғасын табады. Медициналық пойызда биохимиялық талдаулар, флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ, электрокардиограмма және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік қарастырылған. Біздің құрамдағы тәжірибелі мамандар тұрғындардың кез-келген сауалына кәсіби тұрғыдан толық кеңес бере алады. Дәрігерлер тексеруінен өткен тұрғындарға қорытындысы сол сәтте қолына беріліп жатыр», -Айнұр Игинбаева.
Жылжымалы медицинаның дәрігеріне жүгінген тұрғындардың қатарында Әліп Қайтақпаев та бар. Ол дәрігерлерге әйелімен бірге келген.
«Біз шалғай ауылда тұрамыз. Қаладағы дәрігерлерге бару үшін жол кіресіне қаржы қажет. Бірақ, денсаулықты ойлап, алаңдап жүреміз. Міне, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының шалғай ауылға келіп, әйелім екеуміз дәрігерлердің кеңесін алдық. Бұл – біз үшін үлкен қолдау», -Әліп Қайтақпаев.
«Саламатты Қазақстан» пойызы бүгін, 7 қыркүйекте жергілікті уақытпен сағат 21:43-те Нарын стансасына келеді. Мұнда екі күн – қыркүйек сағат 20:59-ге дейін аялдайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері Атырау тұрғындарына медициналық көмек беріп жатқанын жазған едік.