Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыБілім

Атырау облысында білім күніне орай жаңа мектеп ашылды

Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы 350 орындық жалпы орта білім мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты білім күнімен тұспа-тұс келді. Жоба «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында жүзеге асты.

— Бүгін ауданымызда қос мереке – білім күні Тұщықұдық ауылында жаңа мектеп ғимаратын ашып жатырмыз. Бұл заманауи да жаңа ғимарат – қазіргі мектептің жалғасы. Ауылда бала санының көбеюіне байланысты қажет болды, сол себепті ауыл тұрғындары үшін қуаныш. Білімді балалар – біздің болашағымыз, қуатты ұлт. Енді балаларымыз заманауи жабдықталған ғимаратта білім алатын болады. Аудан тұрғындарының атынан “Теңізшевройл” ЖШС алғысымды білдіремін, — деп атап өтті Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов.

Қосымша мектеп ғимаратының құрылысы 2021 жылы басталып, оның ауданы шамамен 4 490 ш.м. құрайды. Жаңа нысан мектеп галереясы арқылы негізгі ғимаратқа жанасады. Мектептің бұрынғы ғимараты да 350 оқушыға есептелген, алайда тұрғындар санының өсуіне байланысты тек бастауыш сынып оқушыларына (0-5 сынып) қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданды.

Жаңа мектептің үш қабатты ғимараты қажетті құрал-жабдықтармен және оқу кабинеттерімен толық жабдықталған, оның ішінде 108 орындық акт залы, жеке душ кабиналары мен санитарлық тораптары бар спорт залы, 14 оқу кабинеті, асхана, мұғалімдер бөлмесі және әкімшілік кабинеттері бар. Мектеп инклюзивті білім алу жағдайына сәйкес келеді: логопед пен психолог кабинеттерімен жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуына жағдай жасалған. Сонымен қатар, жоба аясында ТШО ескі мектеп ғимаратының қасбетін жаңартуды шешті, қазір олар бір стильде жасалып, тұтас кешенге ұқсайды. Салтанатты ашылудан кейін кеңейтілген ғимарат Исатай аудандық білім бөлімінің иелігінде болады.

— Бүгін Тұщықұдық ауылындағы мектептің салтанатты ашылуына қатысқаныма қуаныштымын. Бiрiншi сынып оқушыларының бiлiм әлемiне қызықты саяхаттағы алғашқы қадамдары жаңа ғимараттың қабырғасынан бастау алатындығы қуантады. «Теңізшевройл» әлеуметтік жауапкершілігі мол компания ретінде өңіріміздегі білім саласына ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар, S&P Global талдау агенттігінің жуырда жүргізген тәуелсіз зерттеуіне сәйкес, ТШО-ның барлық әлеуметтік инвестицияларының 97 пайызы Атырау облысы мен Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылына бағытталған, — деп атап өтті үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов.

Айта кету керек, ТШО қызметкерлері тұрып жатқан және жұмыс істейтін Атырау облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына компания құрылған уақытынан бастап инвестиция салуда. 1993 жылдан бері Атырау облысындағы мектептер, ауруханалар, демалыс орындары, балабақшалар және басқа да қоғамдық нысандар сияқты әлеуметтік нысандарды салу және жақсарту үшін 120-дан астам әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларға 360 миллион доллардан астам инвестиция салынды.

Back to top button