Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанын өткізу және жемшөп дайындау барысы туралы баяндамасында мәлім етті.
Аймақ басшысының айтуынша, мал қыстатуға қажетті мал азығы 600,2 мың тонна болса, оның 80%-ы облыс аумағынан, 20% көршілес облыстардан дайындалады. Күні бүгінге мал азығының 61%-ы дайын.
— Мал азығын дайындауға 705 трактор, 1341 шөп шабатын агрегат, 630 тасымалдаушы техника жұмылдырылып жатыр. Мал азығын дайындауға кеткен шығындарды өтеу үшін жергілікті бюджеттен шаруашылықтарға 1,9 млрд.тг субсидия бөлініп, субсидия қаржысы үш жылдың ішінде екі есеге артты. Сонымен қатар, шаруашылықтарға қажет кебек жем көлемі 41 мың тонна болса, қазіргі уақытта оның 45%-ы қамтамасыз етілді. Жем бағасын тұрақтандыру мақсатында жем дайындаушылар есебінен 1,2 мың тонна кебек жем дайындалып, 1 килограмын 60-65 теңгеден сату ұйымдастырылды. Ал, жеке секторлар арқылы 34 оператор шаруашылықтарға жем тасымалымен айналысып, 1 килограмын 90-100 теңге аралығында сатуда,-деді С.Шәпкенов
Айта кету керек, өңірдің ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3,2 млн. гектар жер көлемінің 50,5 мың гектары — шабындық жерлер. Оның ішінде суару арқылы мал азығы дайындалатын 4 017 гектар жердің қазіргі уақытта 49%-ы жаңбырлатып суару әдісімен өсіріледі. Бұл жұмыстардың нәтижесінде суды тиімді пайдалану және өнімді бірнеше есеге арттыруға қол жеткізілуде.