Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыЭкономика

Атырауда 5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау күзде басталады

Мемлекеттік қолдау құрамының тарапынан қайтарымсыз грант жобасы бойынша бюджеттен 106 млн теңге бөлу қарастырылып отыр. Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлік және туризм басқармасының Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Сәттіғұл Сабыров баспасөз брифингінде мәлім етті.

Өткен жылы осы мемлекеттік бағдарлама аясында барлығы 517 өтініш келіп түсті. Оның 392-сі басқармамен қабылданып, конкурстық комиссияның дауыс беру қорытындысының нәтижесімен 37 кәсіпкерлік субъектісіне мемлекеттік қайтарымсыз грант ұсынылды.

— Қазір де кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша көптеген сұрақ туындайды. Соның ішінде мемлекеттік қайтарымсыз грант туралы. Жалпы өңірде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Олардың өзіне тән қолдау механизмдері, оның ішінде субсидия және жеңілдік несие бар. Біздің басқармамен тікелей көрсетілетін мемлекеттік қызмет ол – 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант. Бұл бағдарлама ұлттық жоба шеңберінде жыл сайын жүзеге асырылып жатыр. 5 млн теңгелік қайтарымсыз гранттың қағидасына тоқталсам, бұл конкурсқа шағын кәсіпкерлік субъектілер қатыса алады, оның ішінде, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жылдан аспағандар. Бұл бағдарламаның басқалардан ерекшелігі қайтарымсыз болған соң, бірнеше қойылатын талаптар бар. Яғни, кәсіпкер ең бірінші өтінім бергенде оның жобасы жаңашыл бизнес идеялы болу керек. Нақтырақ айтқанда, жаңа технологиялар арқылы немесе инновациялық тұрғыда болатын жаңа жоба болуы қажет. Оған қоса қосымша міндеттемелер бар. Бірінші кезекте кәсіпкер өтінім бергенде жаңа жұмыс орнының құрылуына мән беруі керек. Сонымен қатар қоса қаржыландыру, яғни өтінім берген кезде кәсіпкердің өтінішінде 5 млн теңгеге дейінгі қаражат көрсетілсе, онда кәсіпкердің өзінің шотында көрсетілген қаражаттың 20%-ы болуы керек. Үшінші кезекте «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негізінде оқытудан өткенін растайттын құжаттың көшірмесінің болуы қарастырылған. Құжаттың мерзімі үш жылдан аспауы қажет, — деді С.Сабыров.

Сондай-ақ оның айтуынша аталған бағдарламаға құжаттарды қабылдау қыркүйек немесе қазан айларына жоспарланған.

Айта кетейік, мемлекеттік қайтарымсыз грант конкурсына бұрын осы бағдарлама бойынша қолдау алған кәсіпкерлер мен мемлекеттік салыққа берешегі бар субъектілер қатыса алмайды.

Back to top button