Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыТуризм

Сарайшықтан монша табылды

«Сарайшық» музей-қорығының бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлының айтуынша, бұл – тарихи қалашықтың орнынан табылған екінші монша.

«Сарайшық қалашығының орнынан табылып жатқан олжа көп. Мәселен, 2005 жылы Жайық өзенінің жарқабағынан моншаның жарты бөлігі сақталған орны табылды. Ал, жақында екінші моншаны тауып отырмыз. Екі моншаның бір-біріне ұқсастығы бар. Бұл – халыққа арналған қоғамдық мақсаттағы емес, тұрғындардың өз отбасына арнап салған жеке меншіктегі монша», -дейді Айбек Тұрарұлы.

Археологтың айтуына қарағанда, Алтын Орданың гүлденген дәуірінде қоғамдық моншалар кең тараған. Кейінен бірнеше бөлікке ыдыраған кезде қоғамдық моншалар қызметі тоқтап қалған.

«Сол себептен, әр ауқатты отбасы осындай шағын моншаны салған болар деп ойлаймыз. Биыл табылған моншаны ноғай-қазақ кезеңіне сәйкес келеді деп есептейміз», -деп түсіндірді Айбек Тұрарұлы.

«Киім шешетін бөлменің еденіне қыш кірпіштер төселіп, ақ алебастрдан сылақ жағылған. Жуынатын бөлменің еденінде де қыш кірпіштер болған. Кірпіштердің жиегін ақ алебастр ерітіндісімен бекіткен. Ал, еденнің шетінен қабырғаға тігінен орналасқан қыш кірпіштер қаланған. Еден ортасында суағар салынған. Суағар шұңқырының қабырғасына қыш кірпіштер өрілген. Киім шешетін бөлменің батыс жағында, жуынатын бөлменің солтүстік жағында пеш орны анықталды», -дейді археолог.

Back to top button