«Қазпошта» АҚ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ-мен бірлесе отырып ауылдық пошта байланысы бөлімшелерінде мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұл туралы Қазпошта АҚ Атырау облыстық филиалының желіні басқару бөлімінің басшысы Жұпар Есенбекова мәлім етті.
Енді тұрғындар ауылдық пошта бөлімдерінде шамамен 27 мемлекеттік қызметті ала алады. Оның ішінде жәрдемақының кейбір түрлерін, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қызметтерге құжаттарды рәсімдей алады, мекенжай бойынша тіркеліп, мұрағаттық анықтамаларды немесе мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін ала алады.
-Қазпошта ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстарын әрі интеграциялық процестерді жүргізді. Осы орайда, ХҚО ақпараттық-коммуникациялық жүйесінде жұмыс істеу үшін ауылдық бөлімшелердің операторлары оқытылды.
Ауылда мемлекеттік қызметтерді ұсыну тұрғындарға аудан мен қалаға жолға кететін уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік беріп, ауылдық бөлімшелер жұмысын ынталандыруға әрі олардың экономикалық тиімділігін арттыруға жол ашады,- деді Ж.Есенбекова.