Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыЭкономика

Атырау аудиторлары 6 айда 25 млрд теңгенің қаржы бұзушылығын анықтады

Атырау облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Жалғас Боқаевтың мәліметінше, мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталмауы қаржылық бұзушылыққа жол ашады.

«Биылғы 6 айда 47 аудиторлық іс-шараның қорытындысымен 827 млн теңгенің, камералық бақылау кезінде 25 млрд 816 млн теңгенің қаржы бұзушылығы анықталып отыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар үш іс құқық қорғау органдарына берілді. Мәселен, Жылыой ауданындағы №2 орта мектепте 2018-2021 жылдары жұмыс істемейтін 2 адамның шотына 5 млн 119 мың 116 теңге бюджет қаржысы негізсіз аударылғаны анықталды. Аудит қорытындысымен негізсіз төленген бюджет қаражаты кері қайтарған. Осы аудандағы Қосшағыл ауылындағы мәдениет үйі директоры 2020-2021 жылдары 2 адаммен еңбек шарты жасалып, олардың шотына 992 мың 395 теңге аударылған. Алайда, аудит кезінде аталған адамдардың мәдениет үйінде жұмыс істемегені дәлелденді», -деп хабарлады Жалғас Боқаев.

Оның айтуынша, Құрманғазы ауданындағы Шортанбай ауылдық мәдениет үйіне де жоспардан тыс аудиторлық іс-шара жүргізілген. Сол кезде есепшінің 2022 жылы өзінің банктегі картасына 13 млн 184 мың теңгені аударып алғаны анықталған. Есепші заңсыз иеленген қаржының 5 млн 650 мың теңгесін қайтарған.

«Сот шешімімен мектеп директорына 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу, ал мәдениет үйінің директорына 3 жыл 6 айға мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Шортанбай мәдениет үйінің есепшісіне 5 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Мәдениет үйінің директоры мен есепшісіне берілген жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді», -деп мәлім етті Жалғас Боқаев.

Back to top button