Мамандар облыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақсыз деп бағалап отыр. Яғни зерханалық жолмен дәлелденген көкжөтел ауруының 46 жағдайы тіркеліп, 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 6,6%-ды құрады. Бұл туралы инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Айнагүл Сарсенғалиева баспасөз брифингінде мәлім етті.
Көкжөтел – жіті респираторлы, тек антропонозды немесе тек адамда тіркелетін, екпемен басқарылатын, ауа тамшы арқылы берілетін бактериалық инфекция.Инфекция қоздырғышы — «Бордетелла пертуссис» бактериясы.
— Жалпы облыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақсыз деуге болады. Өткен жылмен салыстырғанда аурушылық 23 есеге жоғарылап отыр. Бұған коронавирус пандемиясынан кейін көкжөтелге қарсы вакцинациялаудың төмендеуі себеп болып отыр. Күні бүгінге дейін 7 ай көлемінде облыста көкжөтелдің 46 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, Атырау қаласы бойынша – 41 жағдай, Құрманғазы ауданы бойынша – 3 жағдай және Махамбет ауданында — 2 жағдай тіркелген. Аурудың 98%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Оның 92%-ы көкжөтелге қарсы профилактикалық екпе алмаған балалар. Көкжөтел инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцинопрофилактика, — деді А.Сәрсенғалиева.
Маманның айтуынша, вакцинация Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 2, 3, 4, 18 айлық жаста, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі. Вакцинация — тегін. Оны жергілікті мекенжай бойынша емханада алуға болады.