Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынған.
«Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа жол талғамайтын 2 көлік, жедел әрекет етуге арналған 2 көлік, 1 автосаты сатылып алынады. Бұдан басқа да қауіпсіздік мақсатындағы техникаларды сатып алу жоспарланып отыр. Ал орман шаруашылығы саласындағы мекемелердің штатына қосымша 38 бірлік бөлінді», — деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.
Оның айтуына қарағанда, Атырау облысының әкімдігі «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватын коммуналдық балансқа алу мәселесін көтерген.
«Алайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі резерватты әкімдік балансына беру ерекше қорғалатын аумақтар туралы заңға қайшы келетінін білдірді. Дегенмен министрлік қорықтың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 285 млн теңге бөлді. Қазір резерват аумағында тұтанатын өрттің алдын алу мақсатында ғарыштық мониторинг жүйесі қолданыла бастады. Мәселен, 28 шілде күні бұл жүйе алғашқы нәтижесін беріп, қамыс өрті тұтанған бойда өшірілді», — деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.