Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселесі қаралды.
«Атырау» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азамат Айтпаевтың мәліметінше, облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктері арасында үшжақты кредиттік шартқа қол қойылған.
«Аталған шартқа сәйкес ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 1 млрд 504 млн теңге бөлінді. Кредиттік шарт шеңберінде 188 шағын несие беріліп, 199 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының шотына қаржы аударылды. Корпорация шағын несие беруге дайын. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу үшін 80 өтініш түсті. Алайда, олардың 10-ы ғана барлық талапқа сай келеді. Қалған өтініш иелері қажетті құжаттарды толықтырып жатыр. Ережеге сәйкес, кредиттік өтінім беру үшін 17 құжатты ұсыну қажет. Ал өтініштерге 15 күн ішінде талдау жүргізіліп, шешім шығарылады», — деп хабарлады Азамат Айтпаев.
Осыған байланысты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловқа бағдарламаны іске асыруды жүйелеу ескертілді. Сондай-ақ оған қатысу үшін 17 құжаттың тізімін азайту ұсынылды.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Бұл бағдарламаға қатысу үшін көп құжатты тапсыру жергілікті шаруа қожалығының иелері мен кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Сондықтан, құжаттар тізімін жеңілдету қажет», -деді Марат Мурзиев.