Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыБілім

Атырау облысына 1500 нысаналы грант бөлінді

Құжаттарды қабылдау 13 шілде басталған. 20 шілде күні кешке аяқталады. Атыраудағы мектеп бітіруші түлектерге педагогика ғылымдары бойынша 283 грант, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыты бойынша 49 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына 561 грант, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша 607 грант бөлінді. Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлім етті.

Нысаналы грант конкурсына қатысатын үміткерлер жалпы грант конкурсына да құжат тапсыра алады. Бірақ нысаналы грант арқылы талапкер төрт қаланы және сол қаладағы барлық жоғары оқу орындарын белгілеуге мүмкіндігі бар.

— Бұл тек қана Атырау облысының түлектеріне бөлінген грант. Алайда ата-аналар бұны «Серпін» бағдарламасымен шатастырып жатады. Осы ретте айтарым, нысаналы грантпен оқу бітірген сол өңірде қалу немесе мамандық бойынша үш жыл жұмыс істеу шарты қойылмайды. Бүгінде талапкерлердің басым бөлігі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен педагогика ғылымдары мамандығын таңдап жатыр. Сондай-ақ құжат тапсыру кезінде бірқатар жеңілдік те қарастырылған. Гранттың 5 пайызы көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған, асыраушысынан айрылған санатқа бөлінді. Өткен жылдан бастап ауыл мектептерінен шыққан түлектерге 35 пайыз квота тағайындалды, — деді Р. Емелбаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ел экономикасына қажетті мамандар даярлау үшін бөлінген нысаналы гранттың жалпы саны – 5000. Оның ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарына – 1500, Абай және Түркістан облыстарына – 500, Шымкент қаласына – 400, Ұлытау және Жетісу облыстарына – 300 грант тағайындалды.
Анықтама үшін: Атырау облысында 2022-2023 оқу жылында 11 сыныпты 6300-ге жуық оқушы аяқтады. 5300-ге жуығы ҰБТ-ға қатысып, оның 80 пайызы шекті баллды жинап, грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алды.

ЖОО-ға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама және ер жігіттер әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек. Сондай-ақ жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады

Back to top button