2022 жылдың соңында Қазақстанның тұрғын үй қоры 405,2 млн шаршы метр болды, оның ішінде 263,9 млн шаршы метр – қалаларға, ал 141,2 млн шаршы метр – ауылдық елді мекендерге тиесілі. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Бұл ретте тұрғын үй қорының барлығы дерлік – 97,7% жекеменшікте, тек 2,3% мемлекеттік меншікте.
2010-2021 жылдар аралығында тұрғын үйді пайдалануға беруде тұрақты өсім байқалды. Белгілі бір кезеңдерде динамика жоғары болды, кей кезде бәсеңдеді. Алайда, 2022 жылы бұл көрсеткіш алғаш рет төмендеді: бір жылда 7,4% азайып, 15,7 млн шаршы метр болды. Ал, осы құлдыраудан кейін биылғы алғашқы бес айда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 5,5 млн шаршы метр болды, бұл – 2022 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 15,4% көп. Оның ішінде 3,1 млн шаршы метрі – көппәтерлі үйлер, 2,3 млн шаршы метрі – жеке үйлер бар. Тұрғын үйдің басым бөлігі – 5,1 млн шаршы метрін немесе жалпы ауданның 93,5%-ын жеке құрылыс компаниялары салған.
Өңірлер бойынша биыл тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша ең жақсы көрсеткіш Астанада (1,2 млн ш.м), Алматыда (938,7 мың ш.м) және Алматы облысында (397 мың ш.м) тіркелді.