Атырау облысы, Индер аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, улы жәндік биыл он тұрғынды шаққан.
Аудандық аурухана дәрігері Сұлу Жұмагелдіқызының айтуынша, қарақұрттың уы мамыр мен маусым айларында қауіп төндіреді екен.
«Осы айдың өзінде, яғни, маусымда ауруханаға 10 адам түсті. Абырой болғанда, бәрі де дін аман. Қазір 9 науқас емделіп шықты. Қалғаны ем-домын жалғастырып жатыр» деді ол.
Бұдан бөлек, улы жәндіктің қырық шақты түйені де шаққаны белгілі болды. Әсіресе, Көктоғай, Елтай мен Бөдене ауылдарында жағдай ушығып тұр. Айта кетейік, қарақұрт жыланнан да қауіпті жәндік болып саналады. Ол адам не жануарды шаққан кезде 10 минут ішінде зиянын тигізіп үлгеруі, тіпті, өлтіруі де мүмкін.