Облыстың Кешенді жоспары және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін облыс бойынша 30-ға жуық заманауи жаңа типтік жобадағы медициналық нысандар салынады, бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді,
— Қазіргі таңда 5 медициналық пункттің құрылысы жүргізілуде. (Жылыой ауданының Қарағай, Қызылқоға ауданының Айдын, Махамбет ауданының Аққайың, Еңбекшіл, Көздіқара ауылдары) Үш подстанциясы бар жедел жәрдем станциясының құрылысын бастау жоспарлануда. Осы жылы ауылдық жерлерде тағы 5 нысанның құрылысы басталады,— С.Шәпкенов.
Сонымен қатар, «Теңізшевройл» ЖШС қаражаты есебінен Құлсары қаласында 75 орындық орталық аудандық аурухананың, НКОК компаниясының көмегімен Атырау қаласының Береке ықшам ауданында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылыстары жүргізілуде. Атырау қаласында да екі емхана салу жоспарланған.
Ал Атырау қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің ескі ғимаратының орнына 180 төсектік онкологиялық диспансердің радиологиялық корпусының құжаты дайын. Қазір онкологиялық диспансердің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.