5-маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай облыстағы табиғат жанашырларына арналған салтанатты шара өтті.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мемлекеттік қызмет жүйесінде қоршаған ортаны қорғаудағы белсенді және табысты жұмысы, оның нығаюына қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігі үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен бірқатар маманды марапаттады.
Іс-шара әлемдік қоғамдастықтың назарын қоршаған орта проблемаларына аудартып, оларды шешуде белсенді қатысу үшін ұйымдастырылды.
— Сіздердің экологияның тазалығы туралы жасаған әр жұмыс пен жоба тұрғындардың сапалы өмір сүруіне, денсаулығының жақсы болуына бағытталғанын ерекше атап өткім келеді. Оның ішінде облыста көп жылдан шешілмей келе жатқан жобалардың бірі – кәріз сулардың мәселесі. Мұның экологиялық әсері өте үлкен. Өйткені, қазіргі таңда қаланың сол жағалауында сарқынды судың бәрін тазартатындай техникалық су шығаратын мүмкіндіктер пайда болды. Енді квадрат булану алаңында да кәріз тазарту станциясы салынып жатыр. 2025 жылы үлкен жобаны іске асырып, жаңа кәріз тазарту станциясын іске қосамыз. Ол ауаның да, судың да тазаруына алып келетін жоба болайын деп тұр. Экология саласы тек мемлекеттік құрылымдармен шектелмейді. Біріншіден, осы салада еңбек ететін қоғамдық ұйымдар, сарапшылар, тіпті тұрғындар да бұл мәселені көтеріп, бірлесіп жұмыс істегеннің арқасында экологиялық мәселелер шешімін тауып жатыр. Бұл тек қана сала мамандарының ғана мерекесі емес, бүкіл халықтың мерекесі деп ойлаймын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын,- деді Ж.Бисембиев.
Одан әрі сала мамандарының үздіктері ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құрмет грамотасымен және ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында сала ардагері Уалихан Елеманов та бар.
— Ардагер ретінде марапаттап жатыр. Еңбегімізді елеп жатқан басшылыққа рахметімізді айтамыз. Бұл — адам өмірі үшін маңызды сала. Өйткені, қоршаған орта — жер, су, ауа адам организмімен тығыз байланысты. Алдағы уақытта да экологиямыз таза болып, еліміз жақсарып, экономикамыз өркендей берсін,- деді У.Елеманов.
Мерекеде экологтар жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды оқыту мекемелері арасында суреттер байқауын ұйымдастырған. «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген атаумен өткен сайыстың қатысушыларына облыстық экология департаменті естелік сыйлықтар табыс етті. Мақсат — жас ұрпақты қоршаған ортаға сүйіспеншілік пен ұқыпты қарауға тәрбиелеу, экологиялық ойлауды дамыту. Байқауға алты мекеменің оқушылары қатысып, ішінен 16 оқушы жеңімпаз атанды. Одан бөлек, Экология департаменті екі оқушыға Алғыс хат пен ынталандыру сыйлықтарын дайындады. Салтанатты іс-шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.